Нан күні: Шағын наубайхананың тынымсыз тірлігі

Тұтынушыға нанның 20 түрін ұсынып отыр

Елімізде былтырдан бастап 16-қазан «Нан күні» деп белгіленген болатын. БҰҰ 2017 жылдың 16 қазан күнін Бүкіләлемдік «Нан күні» ретінде тіркеу туралы шешім шығарды.

Сонау зобалаң кезеңдерде талай адам бір үзім нанмен амалдап, жандарын аман алып қалғандары тарихи деректерде де аз емес.

Дихандар егіс алқабының шаруасын бір ыңғайлап, бидайды шашпай-төкпей орып алып жатқан науқан дәл осы кез. Қостанай өңірі астықты аймақ. Нан күніне орай, қаладағы «Моя пекарня» наубайханасына арнайы барған едік.

Нарықта бір жарым жыл тәжірибесі бар наубайхана тұтынушыға бөлке нанның 20-дан астам түрін ұсынып отыр.

– Жас кәсіпкерлердің біріміз. Наубайхананың ашылғанына бір жарым жылдың жүзі болды. Бөлке нанның 20-дан астам түрін, батонның 15-тен астам түрін өзіміз пісіріп тұтынушыға ұсынып отырмыз. Біз тұтынушы талғамына қарай жұмыс жасаймыз. Яғни, қай нан түрі көбірек өтімді, соны молынан пісіреміз. Мұда келген тұрғындар ыстық нан алып кете алады. Бізде жұмыс екі ауысым бойынша жүргізіледі. Түнімен пісірілген нан түскі уақытқа дейін сатылып кетеді. Сөрелер күндізгі ауысымда дайын болған нанмен толтырылады. Сол себепті бізде ыстық нан әркез болады, – дейді наубайхана әкімшісі Надежда Борновская.

Нан ешқандай химиялық қоспасыз таза табиғи өнімдерден пісіріледі. Наубайхана иесі жеткізушілердің бағасына қарап қоймай сапасына да қатты көңіл бөледі.

– Әлеуметтік нанды көбірек пісіреміз. Нарықтағы бағаны тұрақты сақтап қалуға тырысып жатырмыз. Алайда, жеткізушілер өзге де тұтынатын тауарлардың бағасын қазір қымбаттатып жіберді. Маргарин майын 30%-ға, жарты жыл уақыт болды ұн бағасы да қымбаттады, бұрын келісін 125-150 теңгенің арасында алған болсақ, қазір 175 теңгеден алып жүрміз. Май бағасы 15%-ға артты. Қазір өзге жеткізушілерді іздестірудеміз. Қазақстанмен ғана шектелмей Ресеймен де байланыс орнатуға талпынып жатырмыз. Осы жағдайлардың себебінен әлеуметтік нан бағасы 10 теңгеге қымбаттады 90 теңгеден еді, қазір 100 теңгеден сатылымда. Кей жерлерде нан ұзақ сақталу үшін 15% қоспа қосады екен. Біз бастысы табиғи өнімдерден пісіреміз, – дейді ол.

Наубайхана әкімшісінің айтуынша, қазіргі таңда ұннан жасалатын түрлі өнімдер көлемін екі есеге дейін ұлғайтуды көздеп отыр.

– Нан зауытымен біз сияқты шағын наубайхананы салыстыратын болсақ біздікі тиімдірек деп ойлаймын. Мұнда әркез ыстық нан және тәтті тоқаштармен бірге нанның көп түрі пісіріледі. Ал, нан зауытында белгіленген түрін ғана пісіріп, көлемге ғана жұмыс істейді ғой. Біздің бір артықшылығымыз, сөредегі нан мен тоқаштардың мүлде жаңа түрін тұтынушыға ұсыныс аламыз. Зауытқа ол үшін біраз уақыт керек сияқты, – дейді Надежда Борновская.

Наубайханада қызмет ететін мамандардың тапшы екендігін де алға тартты. Неліктен екені белгісіз қала колледждерінен тағылымдамадан өтуге студенттер келгенімен, тұрақтап қалғылары келмейді екен.

– Маман тапшылығы бар. Көп студенттер бізге тәжірибеден өтуге келудей-ақ келеді, алайда жұмыс ұсынсақ қалғылары келмейді. Мұндай жұмысқа қызығушылықтары жоқ. Бізге келген студенттерді реті келсе жұмысқа алып қалуға тырысамыз. Көбі бірден жоғары жалақы қалайды. Негізі маман тапшылығы барлық наубайханаларда бар. Бәрі жақсы маманның өздерінде болғанын қалайды. Осы жерден бәсекелестік пайда болады, – дейді наубайхана әкімшісі.

Біз барған наубайхана күніне 400-ге жуық нан пісіреді. Оның сыртында шелпек нанның 3 түрінен 50 данасын, батон нанының 4 түрін 60 данасын тұтынушыға ыстықтай ұсынып отыр.

Сералы МЫРЗАБАЙ

Суретті түсірген Нұржан СМАЙЛОВ

Источник: top-news.kz

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *