Ы. Алынсарин атындағы мектеп-интернаттың оқуышалар «Жанұя» балалар үйінің бүлдіршіндеріне өздерінің сый-сияпаттарын жасады

Мұндағы тәрбиеленушілер өздерінің ризашылықтарын білдірді

Ы.Алтынсарин атындағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернатының оқушылары «Отбасылық үлгідегі «Жанұя» балалар ауылы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде болып, сонда тәрбиеленіп жатқан бүлдіршіндерге концерттік бағдарламаларын ұсынды.

Аталмыш білім ордасының директоры Ырсалды Келінбериеваның айтуына қарағанда, бұл шара мектептегі өзін-өзі тану пәнінен өтіп жатқан онкүндіктің аясында ұйымдастырылып отырған «Жүректен жүрекке» атты акция барысында өткізіліп отыр. Ұжымда жылда осындай қайырымдылық акцияларын өткізіліп тұрады екен. Болашақта да бұл игі шара өз жалғасын таба бермек.

Отбасылық үлгідегі балалар үйінде тәрбиеленіп жатқан балалардың алдында оқушылар әуелете ән шырқап, мың бұрала би билеп, күмбірлете күй шертті. Олардың өнерін тамашалаған балғындар қол шапалақтап, өздерінің ризашылықтарын білдірді.

Сонымен қатар қайырымдылық акциясы барасында мектеп-интернаттың ата-аналарының қолдауымен алынға тәтті сыйлықтар мен үстелдік ойындар, кітаптар мұндағы балаларға сыйға берілді.

Біз өз кезегімізде «Жанұя» отбасылық үлгідегі балалар үйін 2 жылдан бері біліктілікпен басқарып келе жатқан Ольга Козлюкті сөзге тартқанымызда, ол:

— Қазіргі таңда мұнда 41 бала тәрбиеленіп жатыр. Олардың 14-і жетім балалар. Қалғандары ата-анасының қарауынсыз қалған бүлдіршіндер. Бүгінде бізде 5-17 аралығындағы балалар тәрбиеленуде. Олар күнде уақытылы 5 мәрте тамақтанады. Қаламыздағы №22, №9 мектептеріне барып білім алады. Ал үлкендері шаһарымыздың бірнеше колледждерінің студенттері.

Мұндағы балаларға қамқорлық танытып, ерекше көңіл бөлетін мекемелер өте көп. Тіпті жеті сайын осындай қайырымдылық шаралары өтіп тұрады. Жақында бізге №115 мектептің ұжымы келіп, балаларға жылы лебіздерін сыйлап кеткен болатын.

Біздегі балаларға сыйлық сыйламай-ақ тек олармен бірге қызықты ойындар ойнап, ашық-жарқын сөйлесіп, достасып та жоғары көңіл-күй сыйлауға болады.

Міне, бүгін Ы.Алтынсарин атындағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернатының ұжымы өздерінің концерттік бағдарламалары мен сый-сияпаттарын алып келді. Бұл шара тәрбиеленушілерімізге өте ұнады. Жүздері күлімдеп, алған сыйлықтарына дән риза. Осындай игі шараларға біз ерекше қуанып қаламыз,-деді.

«Жетім көрсең жебей жүр» дегендей, ата-анасының ыстық алақанын аңсаған, көңілдері жүдеу, жүректері мұңды балғындарға шаттық сыйлағаннан асқан бақыт барма. Әрдайым жақсылық жасауға, бір-бірімізге қуаныш сыйлауға асығайық.

Аягөз КӘКІМЖАНОВА

Источник: top-news.kz

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *